Адам жақсы ісімен көрікті Адамның асыл қасиеттерінің бірі – жақсылық жасай білуі. Адам – әрқашанда жасаған жақсы ісімен көрікті. Әркім өз қолынан келгенше жақсылық жасайды. Ең бастысы, бұл шынайы, адал ниетпен жасалуы тиіс. Сонда ғана адамның жақсылығы еселене түсіп, оған өз пайдасын тигізеді. Жақсылықтың керемет сәті осы – оның өзіңізге күндердің бір күні қайта оралуы. Біз ойламаған жерде жақсылық пен жетістікке жетеміз. Ол-біздің игі істеріміз бен жақсылығымыздың ықпалынан. Бірақ жақсылықтың қайтарылуына үміттену дұрыс ниет емес. Адамның табиғаты осындай – өзіне жақсылық жасаған және жақсы мәмілеге келгендерге жамандық жасаудан ұялады. Бұл да бір біздің қазақ халқының тәрбиесінің негізінде қалыптасқан қасиет деп білемін. Жақсылық жасау – бұл басқаларға қуаныш сыйлауға тырысатын, қоғамды адамгершілікке итермелейтін қасиет. Тектi ұрпақ тәрбиенiң бастауын тал бесiктен алады десек, қазiргi тәрбие жұмысында мүлт кетпеу қажеттігін, сонымен қатар үлкен жауапкершілікті сезіне білу керектігін естен шығармауымыз қажет. Біздің алдымызда тұрған басты міндет – лайықты, білімді, білікті, жан-жақты дамыған, адамгершілігі мол, тәрбиелі, әділ, қадірлі, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу. Менің мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Өскелең ұрпақтың бойындағы ізгі қасиеттерін тәрбиелеу мәселесі мен үшін әрқашан өзекті. Бүгінгі таңда жас ұрпақты оқыту жеткіліксіз, оны жан-жақты дамытып, жаңа дағдыларды қалыптастырып, тәрбиелеу керек. Әлемдік даму, ғылыми технологиялар адамның ойлы, терең білімді, білікті қасиеттерге бай болуын талап етеді. Балалармен жұмыс жасау кезіндегі менің басты мақсатым – оқушылардың бойында сүйіспеншілік, адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпы адамзаттық қаситеттерді қалыптастыра отырып, сабақта еркін, бір-бірімен пікір алмасуға, бірбірін тыңдауды үйренуге, өз мүмкіндіктерін ашып, қабілеттерін дамытып, шығармашылықпен жұмыс істеуге тәрбиелеу. Сабақта шығармашылық жұмысты ұйымдастыруға, жақсы іс жасауға тәрбиелеуге, балалармен сұхбаттасып, ойларын тыңдауға үлкен мүмкіндік бар. Біз мұғалім ретінде баланы жақсылық жасауға, мейірімді, жанашыр болуға жетелеуіміз керек. Ал, ең үлкен тәрбие – ата-ананың үлгісі. Жақсылықты сөз арқылы ғана айтып қоймай, іс жүзінде де балаларға көрсету қажет. Оқушыларға жақсы әдеттер қалыптастыру, жаман әдеттерден аулақ болу, әрқашан жақсылық жасауға жастайынан баулу керек. Оқушылардың «қайырымдылық», «қамқорлық», «жақсылық» қасиеттері туралы түсініктерін кеңейту арқылы олардың жақсы тұлға болып қалыптасуына ықпал етеміз. Балаларға ақиқат, сүйіспеншілік, ішкі тыныштық, дұрыс әрекет, қианат жасамау құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту біздің міндетіміз болып табылмақ. Оқушылардың бойында жақсы іс жасауға деген қасиетті дамыту үшін осындай талаптарды ұстанамын: адами қарым-қатынаста жақсылық жасаудың маңыздылығын түсіндіру; игі істер жасау қабілетін дамыту; жауапкершілікке, қамқорлыққа тәрбиелеу. Өз ойымды қорытындылай келе, менің ұстаздық жолдағы міндетім – жақсы адам ретінде қалыптасқан, тек жақсы адамға ғана тән қасиеті бойында бар тұлғаны қалыптастыру деп санаймын. Сондықтан мен – әрбір баланың болашағына осы қоғамға сай өмір сүре алатын білімді де, білікті, елін, жерін сүйетін, адамдарға ізгілік жасайтын, жақсылыққа жаны құмар тұлға болып қалыптаса үлкен сеніммен қараймын.