XIV—XV ғғ ортағасырлық мемлекеттер Мазмұны: І. Кіріспе ІІ. Негізгі бөлім. а) Ақорданың саяси тарихы. ә) Монғолстан мемлекеті. б) Ноғай ордасы. ІІІ. Қорытынды. Саяси тарихы Қазақстан тарихында XIV—XV ғғ. айрықша орын алады: бұл кезде әр алуан түріктілді және моңғолтілді этникалық топтардан қазақ халқының өзінің құрылу процесі аяқталып, оның мемлекеттігі жергілікті этникалық негізде қалпына келтіріледі. Моңғол ұлыстатары құрамына зорлықпен енгізілген халықтар мен елдердің, облыстардың дербес дамуы жолындағы күресі, олардың ішкі өміріндегі өзгерістер Алтын Орда мен Шағатай ұрпақтары мемлекетінің азып-тозып ыдырау процесін тездетеді, моңғол өктемдігі орнағаннан кейінгі Қазақстан территориясы осынау екі мемлекет құрамына кірген еді. Моңғол жаулаушылығының тым ауыр экономикалық зардабы бірте-бірте жойылып, жөнделе бастайды. Қазақстанның оңтүстігіндегі егіншілік кәсібі, қала өмірі, қолөнері өндірісі, оңтүстік-шығыстағы жер өңдеп, егін салу қайта туып, өркен жаяды, мал саны көбейеді. Орталық Қазақстан мен Жетісу далалық аудандарының Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияның көгалды аймақтарымен жүргізетін сауда байланыстары қалпына келтіріледі. Қоғамдық қарым-қатынастар дамуында да бірсыпыра алға басушылық байқалады. Моңғолдан кейінгі кезең (XIV—XV ғғ.) Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу мен Оңтүстік Казақстанның (парсы және түріктілді бастаухаттарда Казақстанның бұл бөлегі Түркістан деп аталады) орасан кең территориясындағы көшпелі және жартылай көшпелі отырықшы-егінші халықтың бас қосып бірігуімен сипатталады. Бірыңғай халық пен оның мемлекеттігін құру жолындағы тарихи қам-харекеттің дамуы аймақтың саяси бытыраңқылығын болдырмау ісінің аса қиын жағдайында өтеді. Қазақстан тарихынын осынау аса күрделі кезеңінің бастапқы кезінде моңғол ұлыстары — Шыңғыс ұрпақтарының Дешті-Қыпшақ пен Орта Азиядағы (Мауараннахр) еншіліктері ыдырайды да, соңғы кезінде қазақтың өз мемлекеті — Қазақ хандығы құрылады. Моңғол дәуірінен соң осы аймақ халқының саяси өмірінің дамуы жергілікті этникалық негізде пайда болған бірнеше мемлекеттік құрылымның оңашалануы арқылы өтеді: олар Ақ орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы (Көшпелі өзбектер мемлекеті), Ноғай ордасы. XIV ғ. мен XV ғ. бас кезіндегі Қазақстан халқының мемлекеттік бытыраңқылығының сақталып қалуы — енді ғана құрылып жатқан қазақ халқы этникалық жолының, үш жүздің түзілуі сияқты, ерекшелігінің тууына себепші болғанын да атап өту қажет. Сол сияқты тарихи дамудың сол кезеңінде ілгеріде айтылған мемлекеттер шеңберіндегі этникалық-саяси эволюция процесі жаңа ұйымдасып жатқан көрші түрік халықтары — қазақ, өзбек, қырғыз, татар, ноғай т. б. үшін де — белгілі дәрежеде ортақ болып шыққаны да мәнді құбылыс. Шығыс Дешті-Қыпшақ жерінде XIII ғ. орта кезі мен XV ғ. бірінші ширегінде Ақ орда мемлекеті болады. Рашид әд-Диннің жазуына қарағанда (XIV ғ.), Жошы ұлысының шығыс бөлегін (сол қанатын), әкесінің көзі тірісінде, үш інісімен бірге, Жошының үлкен ұлы Орда (Орда Ежен, Орда Ичен) алады. Әбілғазының айтуынша (XVII ғ.) осыңау жерді оған інісі Батухан XIIIғ. орта кезінде бөліп береді. Орданың мирасқорлары іс жүзінде дербес билеушілер болады. Рашид әдДинге жүгінсек, Батухан ұрпағының вассалымыз деп сөз жүзінде ғана мойындайтын «өз ұлысының тәуелсіз алдиярлары» болады. Ақорданың кемеліне келіп, толысқан шағы XIV ғ. екінші жартысы, бірақ оның территориясы Алтын Ордаға тәуелділігі әлсіреуіне орай, бірте-бірте кеңейіп қалыптасады. Орда Еженнің ұлысына әуелгі кезде Жетісудің солтүстік-шығыс бөлегі, Ертіс өңірі, Ұлытау мен Кентауға дейінгі дала кіреді. Жайық, Ырғыз, Торғай, Тобыл мен Сарысу өзендері алқаптарында, Арал өңірінің даласы мен Төменгі Сырдария бойында Жошының тағы бір ұлы — Шәйбанның ұлысы болды. Плано Карпинидің айтуынша, XIII ғ. орта кезінде Орда қосыны Ертіс бойында, Алакөл маңында болған. XIV ғ. Орда Ежен ұрпағы билеушілерінің өкімі Шәйбан ұлысына да яғни кәзіргі Қазақстанның күллі жеріне жүрген, оған тек Шағатай мемлекетінде, сосын Моғолстан құрамында болған Жетісу ғана енбеген. Енді Ақорданың саяси орталығы Қазақстанның оңтүстігіне көшеді де, Сығнақ қаласы астана болады. Әсілі, осы оқиғаға байланысты мемлекеттің аты өзгергенге ұқсайды: бірқатар зерттеушілер Қазақстан жеріндегі осы бір мемлекетті Көк Орда деп атайды. Teгі, Орда Ежен иелігінің аты бастапқы кезде Көкорда, ал Шәйбанның ұлысы — Ақорда деп аталса керек. (Бәлкім, Батуханның бүкіл иелігі — Шәйбан ұлысын да қоса — Ақорда деп аталса керек). Шәйбан ұлысы Орда ұрпақтары иелігі құрамына кіргеннен кейін, бүкіл мемлекет Ақорда деп аталып кетеді. Тарихи деректерде бұл атау XV ғ. бастап белгілі (Муин әд-Дин Натанзи т. б. авторлар). XIV ғ. соңынан бастап Ақорда жері, сол сияқты, Өзбек ұлысы деп аталады. Ақорда дербес мемлекет ретінде, моңғолдан соңғы кезеңде, шаруашылық қайта түлеп жанғыра бастаған, жергілікті түрік және түріктенген ақсүйектер рөлі күшейген жағдайда туып қалыптасты. Онда ежелден Қазақстан даласын мекендеген түрік тілді тайпалар және Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде Шығыс аудандардан осы араға ауып келгендер тұратын. Соңғылары ішінде түрік рулары тайпаларымен бірге, түріктенген моңғол тайпалары да бар еді. Бұл жерді қыпшақтар мен наймандар, үйсіндер мен арғындар, қарлықтар мен керейттер (керейлер), қаңлылар мен қоңыраттар, маңғыттар т.б. көптеген тайпалар қоныс еткен еді. Ақорданың отырықшы аудандарында жерді шартты түрде иелену мен жеке меншіктің түрлері толығынан анықталды. Көшпелі аудандарда мал жеке меншік деп саналып және сол қыруар мал дала алпауыттарының қолында жинақталып тұрған жағдайда, жайылымдық жер қауымның иелігінде деп қанша айтылғанымен, өріс-қонысты еркін билеуге хұқы бар текті байбағландар сол жердің нағыз қожасына айналады. Деректерде Ақ орда елінде ақсүйектер жер иеленушілігінің инджу, милк, сойтұрғал сияқты түрлері болғаны және тархандық сый-тарту да белгілі болғаны айтылады. Қатардағы көшпелілер мен жер иеленушілерді қанау түрлерінің кейбірі дерек беттеріне де түсіріледі, мәселен, Ақорданың еңбекші халқы хандар мен ақсүйектер пайдасына күпшір, зекет, тағар тәрізді салықтар төлеп, әртүрлі парыз-қарыздарды да өтеп тұрған. Соғыстар мен өзара қырқыс халық бұқарасының хал-ақуалын қиындата түседі. Мемлекетті Орда Ежен тегінен шыққан хан басқарады, оған Жошы әулеті еншілігінің иелері (ұғландар) мен ірі-ірі көшпелі ақсүйектер (бектер, әмірлер, баһадүрлер) бағынған, олар өздерінің еншіліктері мен қарауындағы тайпаларға әкімшілік-саяси билікті жүргізіп тұрған. Ақорданың саяси тарихы бірінші кезеңде Шығыс Дешті-Қыпшақ жерін Алтын Орданың билігінен азат ету жолындағы ұзақ күреспен өтеді, кейінірек Ақ орда хандары Алтын Орда ісіне араласып кетеді, ал өз тарихының соңғы-түйінді кезінде Мауараннахр билеушісі әмір Темір мен Темір ұрпақтарының басқыншылығына қарсы күреседі. Алтын Ордаға сырттай тәуелді болудан бұлар XIV ғ. орта кезінде Ерзен хан мен Мүбәрак қожа (1320—1344 жж.) тұсында ғана біржолата құтылады. Ақ орда XIV ғ. 60-70 жж. билік құрған Орыс хан кезінде кәдімгідей нығаяды. Темір жаулаушылығына қарсы күрестің негізгі ауыр салмағы соған түседі. XIV ғ. соңғы ширегінде және XV ғ. бас кезінде, көрші Моғалстан мемлекеті сияқты, Ақ орда да әмір Темір әскерінің шапқыншылығына әденеше рет ұшырайды. Әмір Темірдің шыққан тегі — түріктеніп кеткен моңғол тайпасы Барластан, ол XIV г. 60жж. Мауараннахрда етек алған феодалдық ішкі қырқыстар мен соғыстар кезінде жұлқынып алға шығады. 1370 ж. ол өкіметті тартып алып, Орта Азияны жалғыз өзі 35 жыл бойы билейді. Осынау жылдар көрші облыстар мен елдерге жасалған басқыншылық, талау-тонау соғыстарына, бүкіл әлемдік империя құру ұмтылыстарына толы жылдар болады. Ол аса ірі жаулаушылық соғыстарды барып тұрған қатыгез, тағылық тәсілдермен жүргізді. Орта Азияны біріктіру қимыл-әрекеттерімен бірге ол Шығыс Дешті-Қыпшақтың Жетісу мен Тән-шән жерлерін талау, басып алу мақсатында әскер жұмсап, шапқыншылықтар жасап отырды. Солтүстік пен Батыс жақта Темірдің жаулап алу жоспарына құдыретті Алтын Орда кедергі жасады. Бірақ, оның бел омыртқасын үзуден бұрын Темір әуелі Мауараннахрдың көршілері — Ақ орда мен Моңғолстанға семсер салды. Орта Азиядан тыс жатқан жерден бірінші етіп, Темір солардың шебіне басып кірді. Ақ орда мен Моғолстанның шаруашылық және саяси тәуелсіздігін нығайту жолындағы қам-харекетіне кесірін тигізу үшін Темір 70—80 жж. осынау мемлекеттердің жеріне он шақты рет шапқыншылық жасайды. Соның саладарынан екі мемлекеттің екеуі де әлсіреп қалады, қыруар халықты қырғынға салып тұтқын етіп айдап кетеді, бағалы заттар тоналып-таланып алынады, мал саны күрт кемиді, отырықшы-егіншілік шаруашылығы одан да бетер ойрандалады. Темірдің Ақ орда мен Моғолстанға қарсы жүргізген басқыншылық саясаты жеке халық болып құрылып жатқан қазақ, қырғыз тайпаларының этникалық бірігуін және мемлекет болып дамуын тұсаулап тастады. Сырттай алғанда далалық жерлер Темір империясына қосылмағанымен, Шығыс ДештіҚыпшақ көшпелілері үшін өмірлік маңызы бар өлке, Сығнақ, Отырау, Сауран, Яссы, Сайрам сияқты қалаларымен қоса Оңтүстік Қазақстан дұшпанның қарауына кетеді. Ақ орда мен Моңғолстанның дербестігіне қатты соққы беріледі. (Ақ ордадағы өкімет билігін Темірдің қолғанаты — Тоқтамыс тартып алады. Ақ орданың материалдық және әскери қорына сүйене отырып, 1380 ж. Тоқтамыс Жошы ұлысының батыс бөлегін жаулап алады да, Темірдің қамқор-қамтуынан босануға тырысады. Бірақ 1389, 1391 және 1395 жж. жасаған аса үлкен үш жорықтан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қиратылады. Алтын Ордаға жортуыл жасағанда Темір әскері Қазақстан, Кавказ бен Оңтүсгік орыс ел-жұртын ақсирақ етіп талап, жұтатып кетеді. Алтын Орданың Еділ бойы мен Қырымдағы ірі қалалары (Сарай, Берке, Астрахань, Азов т. б.) түгел талқандалады, бұл осынау облыстарда шаруашылық тіршілігі мен транзиттік сауданы тұралатып тастайды. Оңтүстік Қазақстанның қалалары да экономикалық жағынан көп зиян шегеді. Темір ғұмырының соңғы кезінде оның хисапсыз көп соғыстар арқасында орнатқан мемлекетінің құрамына Мауараннахр мен Түркістаннан (Оңтүстік Қазақстан), Хорезмнен басқа, Иран мен Ирак, Ауғанстан, Кавказдың аржағы мен Үндістанның бір бөлек жері енеді. 1404—1405 жж. қысында Темір Оңтүстік Қазақстан арқылы Қытайға орасан қалың қолды аттандырып, тағы да Моңғолстан жеріне келіп кіреді. Бірақ 1405 ж. ақпанда Отырарда қайтыс болады. Темірдің басқыншылық соғыстары мен ішкі талас-тартыстан XIV ғ. аяғы мен XV ғ. бас кезінде Ақ орда әлсіреп қалады. 1423—24—1428 жж. Орысханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ ордадағы өз әулетінің билігін қалпына келтіреді, бірақ ол көп ұзамай қаза табады, сосын Ақ орданың басым бөлегінің билігі Шайбан ұрпағы Әбілқайырдың қолына көшеді. Орысхан мен Барақ ұрпақтары XV ғ. екінші ширегінде Қазақстанның оңтүстік аудандарында өз өкіметін сақтап қалады. Саяси жағынан іс жүзінде дербес, экономикалық жағынан тәуелсіз болған, сыртқы саясатта өзіндік бағыт-бағдары, билеуші хандарының әулеттік жөн-жосығы бар Ақ орда мемлекеттік бірлестігі XIV—XV ғғ. Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Түркістан жеріндегі этникалық топтардың, тайпалар мен халықтардың бастарын қосып, біріктіруде маңызды рөл атқарды. XIV ғ. орта кезі мен XVI ғ. бас кезінде Оңтүстік-Шығыс Қазақстан -Шағатай мемлекетінің ыдырап кетуі салдарынан — Орта Азияның солтүстік-шығысында, Жетісу мен Шығыс Түркістанда құрылған Моғолстан мемлекетіне кіреді. Моғолстан мемлекетінің пайда болу себептері Орта Азия аймағында, Дешті-Қыпшақтың шығысы мен Шығыс Түркістанда Шыңғыс әулетінің моңғолдық иеліктері бытырап кетуі процесінде пайда болған басқа да мемлекеттердің оқшауланып шыға келуі себептерімен бірдей. Шаруашылық-әлеуметтік, саяси және мәдени-тарихи дамуының деңгейі әртүрлі, әралуан этникалық қауым мекендейтін облыстарды жасанды түрде қолдан қосудан құрылған, моңғолдың орасан зор, бірақ осал мемлекеттері — ұлыстары жүре келе шаруашылығы мен этникалық негіздері бұрынғыдан гөрі анығырақ, тарихи шартты түрдегі феодалдық иеліктерге бөлініп кетеді. Бұған өңдіргіш күштерінің, іркес-тіркес болса да, бірте-бірте қалпына келуі, этникалық процестегі моңғолдарға қарсы күрес барысында анықталып, нығая түскен бірлесу, ынтымақтасу ағымы себепші болады. Мемлекет ішінде өз билігін бекітуге ұмтылған жергілікті феодалдық бай-бағландар рөлі арта бастайды. XIII ғ. 70-жж. Үгедей мен Шағатай ұлыстарында пайда болып, Алтайдан Сырдария мен Амударияға дейінгі жерді алып жатқан Хайду мемлекеті со бөлектену жолындағы белесті бір кезең еді. XIV ғ. орта кезінде жоғарыда айтылған себептер бұл мемлекеттің де ыдырауына әкеліп соқты. Мауараннахрдың батыс бөлігінде 50-60 жж. феодалдық ыдыраушылық әрекеті жойылып, әмір Темір мемлекеті құрылады. Ал, оның шығыс бөлігі Моғолстанда аса ірі дулаттар тайпасының әмір Болатша бастаған феодалдық тектілері 1347—1348 жж. жаңа мемлекеттің хан тағына Шағатай ұрпағы Тоғлық Темірді отырғызады, ол Моғолстан билеушілерінің, кейінірек XIV ғ. Қашғариядағы Моғолдар билеушілерінің тұрақты әулетінің негізін салады. Моғолстан мемлекетінің шекарасы өзі өмір сүрген бір жарым ғасыр бойы ұдайы өзгеріп отырады. Оның құрамына Моғолстанның өзі және Шығыс Түркістанның, деректерде Манғылай-Сүбе деп аталатын бөлігі бағынышты еншілік ретінде енетін. Бұл өңір дулат әмірі Болатша мен оның ұрпақтарының мұралық еншілігі болатын. «Моғолстан» тарихи-географиялық термині «моғол» атауынан шыққан. «Моңғол» есімі Орта Азия мен Казақстанда түрік және парсы тілдеріндегі тарихи туындылардың бірінде «моғол» деп айтылып, жазылатын болған. Оңтүстік-Шығыс Казақстанның Кырғызстанмен Шығыс Түркістанның теріскей бөлігіндегі орасан мол аймақты Шағатай ұлысының кезінде де тап осылай деп атайтын, өйткені отырықшы-егінші Мауараннахрға қарағанда, мұндай көшпелілердің салт-дәстүрі берік сақталғанды және бұл араға ауып келген моңғолдар саны басқа аудандардан гөрі көбірек болатын. Моғолстанның өз шекаралары батыстағы Ташкент пен Түркістан уәлаяттарынан шығыстағы Баркел мен Хами қаласына дейінгі; солтүстікте Балқаш, Тарбағатай мен Қара Ертістен оңтүстіктегі Ферғана мен Қашғарияның егінді аймақтарына дейін созылып жатқан «7—8 айлық жол» болатын. Манғылай-Сүбе еншілігіне Қашғария мен Қырғыстанның оңтүстік бөлегі енетін, мұнда Қашғар, Хотан, Қашан, Ақсу, Ақсикет, Атбасы сияқты қалалар бар еді. Моғолстан халқының құрамында дулаттар, қаңлылар (бекшіктер), керейттер (керейлер), үйсіндер мен аркенүттар, баариндер мен арлаттар, барластар ж. б., түрік және түріктенген моңғол тайпалары бартұғын, олар «моғолдар» атты түрік тілді этникалық-саяси қауымдастық басын құрайтын. Осынау тайпалардың Жетісуды жайлайтын едәуір бөлегі кейін қазақ халқының құрамына енеді, ал оның Тәншән өңірі мен Шығыс Түркістанды мекендейтін екінші бөлегі қырғыздар мен ұйғырлар құрамына кетеді. Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы және жер-судың жоғарғы иесі хан болған. Ақ ордадағы сияқты, мұнда да ақсүйек бай-бағландар жерді шартты иеленудің икта, инджу, сойұрғал сияқты түрлерін пайдаланған. Көшпелі аудандарда жер қауымның қарауында болған. Бірақ мал алпауыт ақсүйектер қолында (деректер ондаған, тіпті жүздеген мың малға бір кісінің қожалық еткенін айтады) шоғырланғандығы себепті көшпелі аудандарда қоныс-өрістердің бәрі шынында да солардың меншігінде болған. Жайылымдарға иелік ету хұқы бекініс салдырған кісілерге де жиі-жиі беріліп отырған. Моғолстанның көшпелі ақсүйектері мен қатардағы көшпелілер арасында, сол сияқты Қашғариядағы отырықшы егіншілер арасындағы қайшылық күшейе түседі. Соңғылары, хандар қолынан еншілікқе тұтас аудандарды, қалаларымен қоса, олардан өз пайдасына салық жинау хұқын алған көшпелі ақсүйектер билігіне өтіп отырған. Қала мен ауыл тұрғынынан, егінші мен көшпелі халықтан алынатын салықтар, деректерде жазылғандай-ақ, қалан, күпшір, зекет, тағар, баж және қарадж деп аталған. Халық әртүрлі міндетті: әскери, кірешілік, еңбек (биғар), почта т.б. міндеттерді атқарған. Еншіліктерді қайта бөлуге бағытталған соғыстар мен өзара қырқыстар халық бұқарасының халін ауырлата береді. Мемлекетті басқару ісінде ханға ұлысбек көмектеседі (дәстүр бойынша ол дулат тайпасы әмірлерінен тандалып отырған), хан қасында ақсүйектер кеңесі болған. Мемлекеттің отырықшы — егінші бөлегінде шенеуніктер аппараты көбейеді, әсіресе, алым-салық жинау мен әскери күштерді ұйымдастыру жағында күшейеді. Моғолстанның саяси тарихында феодалдық соғыстар мен ішкі қырқыс, көрші мемлекеттер тарапынан жасаған шапқыншылықтарды тойтару жағы өтe көп болған, әсіресе Темірдің Тән-шән өңіріне жүйелі түрде жүргізілген басқыншылығы елді титықтатып кетеді. Моғолстанның алғашқы хандары Тоғлық Темір (1347—1362 жж.) мен Ілияс қожа феодалдық ыдырау жолына түскен Мауараннахрда Шағатай әулетінің билігін қалпына келтірмекші болады. Бірақ 70 - 80 жж. өзінде Моғолстанның билеушілері Қызыр Қожа (1388—1389 жж.) мен әмір Қамар әд-Дин дулатқа, Енге және басқаларына, әлгіде айтылып өткендей-ақ, Темір жаулаушылығына қарсы ұзақ та қажырлы күрес жүргізуіне тура келеді. Осынау күрес барысында ыдырап кеткен күшқуатты Ақ ордамен және сол сияқты Темір әскерінің шапқыншылығынан азап шеккен халықты біріктіріп ортақ жауға қарсы тұруға іс-әрекет жасалады. Осы бір басқыншының жаугершілік жорықтарына тізе қосып, батыл қарсы шығу Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Жетісу халықтар арасындағы экономикалық шаруашылық және басқа байланыстарды орнату ісіне пәрменді көмек болар еді. Темір жаулаушылығына қарсы жүргізілген қанды күресте әл-дәрменнен айрылған Моғолстан еншіліктерге бөлініп кетеді. Қызыр Кожа хан лажы қалмағасын Темірдің вассалына айналады. XV ғ. бірінші жартысында ел феодалдық ыдыратушылыққа ұшырайды. Темір ұрпақтары ол кезде Жетісу мен Қашғарияны басып алу үмітінен бастартпайды. Қызырқожаның ұлы Мұхамед хан (1408—1416 жж.) тұсында елдін жағдайы біраз нығайды. Осы кезде Моғолстанның Темір тұқымынан тәуелсіз болуға қолы жетеді, ол Шу мен Талас алқабы жерін жатжерліктен азат етеді. Біраз уақыт өзара қырқыс пен таласта тыс толастайды. Мемлекетті бір орталыққа бағындыру үшін Мұхамедхан Моғолстанға исламды енгізуге күш салады. Co кезде елдің шығыс шебіне ойраттар шабуыл жасауды жиілетеді (моңғолдардың батыс бөлегі Орта Азия деректерінде қалмақ деп аталады). Уәйсхан (арада үзілісі бар 1418—1428 жж. билеген) олармен сан рет шайқасады. Ол өз ордасын Түрфаннан Ілебалық деген жерге көшіруге мәжбүр болады. Уәйісханнан соң күн өткен сайын Моғолстаннан азып-тозу белгілері көріне бастайды. Ішкі күрес-тартыста ұлысбек Мір Мүхаммедшах дулат бастаған ақсүйектер тобы жеңіске жетеді де, олар Уәйісханның ұлы Есенбұғыны (1433—1462 жж.) қолдайды. Есенбұғы тұсында, 50-ж аяқ кезінде Шығыс Дешті-Кыпшақтан Жетісуға қазақтың Жәнібек пен Керей бастаған қалың бір бөлегі көшіп келеді. Жетісудің түрікі және түріктенген тайпаларының қазақтың Ұлы жүзіне сонымен бірге Қазақстанның барша тайпаларымен бірге қазақ халқына айналуы, сол сияқты Тән-шән өңірінің түрік және түріктенген тайпаларының бас қосып қырғыз халқына айналу процесі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстанның бірте-бірте оқшаулануы мен Моғолстан ыдырауының аса маңызды факторы болады. Өз дамуының белгілі бір кезеңінде осынау мемлекет іріірі этникалық топтардың өзін-өзі сақтап дамуына, сол арқылы үлкен аймақта этникалық жағынан біртекті мемлекеттердің ірге қалап, одан әрі қарай дами беруіне қажетті жағдай жасап, аса маңызды рөл атқарды. Моғолстанның әлсіреп ыдырап кетуінің басқа да саяси және әлеуметтік-экономикалық себептері болды. Олардың ішінен елдің тайпалар ақсүйектерінің еншіліктеріне (ұлыстар) бөлінуі, Шағатай ұрпағының әулеттік алауыздығы, күpec-тартысы, тынымсыз соғыстар, жағдайдың құбылмалы тұрақсыздығы мен халық бұқарасының алымсалықтың көптігінен туған наразылығы, соның салдарынан көшпелі жұрттың жаппай қопарыла көшіп кетуі сияқты себептерді атау керек. Жүнісхан (1462-1487жж.) тұсында мемлекет жағдайы біраз нығаяды, бірақ ол 1472 ж. Жетісуға шабуыл жасаған оайраттардан жеңіліп қалып, Сырдария жаққа қашады. 80-жж. ол Сайрам мен Ташкентті басып алады. Жүнісханның баласы сұлтан Ақметхан 1474 ж. Моғолстанның шығыс бөлегінде шын мәніндегі тәуелсіз иелік орнатады. Онын інісі сұлтан Махмұтхан (1487-1508 жж.) Жетісуда және Сырдария қалалары өңіріндегі қазақ хандарымен соғысады. Моғолстан билеушілерінің ең соңғысы Жүнісханның немересі Сейітхан 1514ж. Моғолстан хандарынын бағынышты билеушісі Әбубәкір мырза дулаттың қолынан Қашғарияны тартып алып, Шығыс Түркістанда Моғолия атты жаңа мемлекет құрады. Жетісудағы қазақ рулары мен тайпалары 60 жж. бастап қазақ хандығынын құрамына енеді. XVғ. 20 жж. Ақ орданың ыдырауы мен Жошы әулетінің өзара қырқысы салдарынан, Қазақстанның байтақ даласында солардың ішіндегі ең қажырлысы Шайбан ұрпағы Әбілқайырдың хандығы дараланып шығады. Тарихи әдебиетте бұл мемлекеттің Көшпелі өзбек хандығы, Өзбек хандығы деген басқа да аты бар. Жошы ұрпағының өзара күрес-тартысы — олардың ішіндегі көрнектілері Жұмадықхан, Махмұт Қожахан, Мұстафахан т. б. еді - Ақ орданың ханы Барақтың қазасы және Шайбанилік Дәулет-Шаих оғланнын ұлы Әбілқайырдың 1428 ж. хан тағына отыруымен аяқталады. Әбілқайыр дербес хандық құрып, Қазақстанның далалық аудандарының орасан кең жеріндегі өкімет билігін қырық жыл бойы ұстап тұрады. Әбілқайыр хандығынын территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдық орта ағысы мен Ертіске дейінгі ұлан байтақ жерді алып жатады. Хандықтың этникалык құрамы, Ақ орда халқының құрамы сияқты, күрделі болады. Бұған, негізінен жаңағы саяси бірлестікке кірген тайпалар кіреді. XIV ғ. аяғы мен XV ғ. бірінші жартысында осынау тайпалар «өзбектер» деген жалпы этникалық-саяси атпен белгілі болатын. Олардың ішінен деректер қыпшақтар мен наймандар, маңғыттар мен қарлықтар, қоңыраттар мен қаңлылар, үйсіндер мен ұйғырлар, құрлауыттар мен дүрмендер, кеңегестер мен отаршылар, бүркіттер мен құсшылар, қият, кітәй, жат сияқты этникалық топтарды (сол кездегі жазба деректер терминіне жүгінсек, ел, ұлыс, аймақ, тайпа т. б.) атап кетеді. Олар негізінен арғы тегі қыпшақтар мен қарлықтардан шыққан түрік тайпалары, ерте ортағасырдағы Дешті-Қыпшақ пен Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның қаңлы, үйсін, қарлық секілді халықтарының, сол сияқты баяғыда түріктеніп кеткен моңғол тайпаларының ұрпақтары еді. Кейінірек осы бір этникалық топтардың көбі қазақ Орта жүзінін тайпалары ретінде мәлім болады. Айтылып отырған тайпалар мен тайпалық бірлестіктер экономикалық дамуынын деңгейі, қоғамдық қатынастары мен мәдениеті жағынан бір-бірімен өте жақын еді. Әбілқайыр хандығы бір орталыққа бағынатын мемлекет болмайды, ол бірінеше этникалық-территориялық, этникалық-саяси топтарға, иеліктерге (ұлыстарға) бөлінеді олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрады. Әбілқайырдың билік еткен кезеңінде халық өзара қырқыс пен соғыстардан әбден мезі болады. 30-жж. ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды талқандай Сырдария өңіріндегі далада Жошы әулетінің Махмұтханы мен Ақметханын (Тоқа Темір жұрағаты) женіп, Орда Базарды басып алады. 1446 ж. Әбілқайыр Мұстафа ханды тізе бүктіреді. Әбілқайыр көп қарсылық көрсеткен жаулары ішінен деректерде Жошы ұрпақтары Ибақханды, Бөреке сұлтанды, Ақ орда ханының шөберелері Орысты, Жәнібек пен Керейді атайды. Өзін ұдайы қолдайтын көшпелі тайпалар ақсүйектерінің көңілінен шығу үшік Әбілқайыр өз хандығынан тыс жерлерде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігінде және онтүстік шығысында жаулаушылық соғыстар жүргізеді. 1430 ж. ол аз уақыт болса да Хорезмді басып алып, Үргенішті талапайға салады. 14 ж. Әбілқайыр Темір ұрпақтары мен Ақ орда хандары жұрағатарынан Сырдария бойы мен Қаратау баурайындағы – Сығнақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркүк сияқты бірқатар қалаларды тартып алады. Бұл қалаларды ол өзін демеп-жебеген тайпалар көсемдеріне, мәселен, маңғыттарға еншілік (сойұрғал) ретінде береді. Бұл ақсүйектердің белгілі бір бөлегінің арасында Әбілқайырдың абырой-беделін қатты арттырады да, екінші бөлегімен қарымқатынасты астынтып жібереді. Сығнақ хандықтың орталығына айналады (оған дейін хан ордасы Тара мен Орда Базарда болатын). 50-жж. Әбілқайыр Мауараннахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына килігіп, Самарқант пен Бұқарға талау-тонау шапқыншылықтарын жасайды. 1457 ж. Әбілқайыр Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Қазақстан жеріне басып кірген ойраттардан Сығнақ түбінде қатты соққы жеп, есеңгіреп қалады. 50-жж. аяғы мен 60жж. бас кезінде Әбілқайыр қарауындағы тайпалардың едәуір бөлегі Жәнібек пен Керей сұлтандардың бастауымен қопарыла көшіп, Моғолстанның батыс жағына келіп қоныстанады, ол 1468 ж. бұларға қарсы қанды жорыққа шығады, бірақ жолай қайтыс болады. Әбілқайырдың ажалымен бірге мемлекет те құлайды. Әбілқайырдың мирасқоры Шайх Қайдархан соның ізінше Жошының толып жатқан ұрпақтары арасында туған талас-тартыста өлтіріледі. Әбілқайыр немересі Махаммед Шайбанидің даладағы өкімет билігіне, ең бастысы Орта Сырдария мен Қаратау аймағындағы билікке ие болуы үшін қазақ хандарымен ұзаққа созылған табанды күрес жүргізуіне тура келеді. Мемлекеттің жеке-жеке иеліктерінің арасында іштей баянды байланыстың орнатылмағаны, жер-суды бөлісу үшін ұдайы болып жататын әулеттік араздық пен өзара қырқыстар және қатардағы; көшпелілердің рақымсыз қанау мен езгіге көрсететін қарсылығы, сөйтіп қыруар халықтың басқа жерге дүрлігіп көшіп кетуі — осының бәрі қосылып, Әбілқайыр хандығын әлсіретіп, оның құлауына апарып соғады. Іс жүзінде со баяғы Моғолстанның түбіне жеткен себептер бұған да түрткі болады. Сол елдегі сияқты, мұнда да оқшауланған дербес этникалық-саяси құрылымға жету жолындағы тайпалардың басқосып нығаю процесі жүріп жатқан еді. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Әбілқайырдан тараған Шайбанилер тұқымының Шығыс Дешті-Қыпшақтағы билігі бітеді. Солар бастаған өзбектердің бір бөлегі (кыпшақ, қарлық, ұйғыр, қоңырат, т. б. тайпалар топтары) XVI ғ. бас кезінде Мауараннахрға кетіп қалады. Қазақстан жерінде қалып қойған тайпалар қазақ хандарынын қол астына қарайды. Темір ұрпақтарының өкіметі әлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы өкімет билігін тартып алады. Алтын Орданың ыдырау кезінде пайда болған аса ірі мемлекеттік бірлестіктің біреуі — Ноғай ордасы еді. XIV—XV ғғ. ол Батыс Қазақстан территориясының бір бөлегін иемденетін. Бастапқы кезде XIV ғ. соңынан бастап, Жайық пен Еділ арасындағы тайпалар бірлестігі, оның ең бір көп тайпасының атымен «Маңғыт жұрты» деп аталатын. Ноғай ордасының жартылай тәуелсіз ел ретінде оңашаланып шығуы ертерек, Едігенің тұсында болатын, ал Едігде Алтын Ордада өкімет билігін іс жүзінде онбес жылдай (1396—1411 жж.) уысынан шығармаған, сол елдің аса ірі қайраткері еді. Едіге Тоқтамыспен егесіп соғысқан, Алтын Орда хандарын өз қолымен қойып отырған, феодалдық лан, топалаң мен өзара қырқыс кезеңінде Ноғай ұлысын нығайтуға ұмтылған. 1419 ж. өлтірілген. Кейінірек маңғыт көсемдері шығыстағы көршілеріне иек артып, Әбілқайырдың одақтасы болады. Ноғай ордасы Едігенің ұлы Нұраддиннің кезінде (1426—1440 жж.) күшейіп, XV ғ. орта кезінде дербес бөлініп шығады. Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты, Ноғай ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырады. XV ғ. екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауы шебінен етіп, «өзбектердің» өріс-қонысын басып ала бастайды, сөйтіп шығыс пен оңтүстікке қарай тереңдеп жылжи береді. Сырдария қалаларын жаулаудан, Орта Азияға шапқыншылық жасаудан қолы тимеген Әбілқайыр ноғайларға қарсылық көрсетпейді. Олар оның көшпелі бодандарынын қатарын толықтыра түсуі мүмкін ғой. Ноғайлардың солтүстік-шығыстағы өріс-қоныстары Сібірге дейін қанатын жаяды (Теменнің оңтүстік-шығыс жағындағы жер Ноғай даласы деп аталған), ал оңтүстікшығыста олар кейде Сырдария бойында, Арал теңізі жағасында көшіп жүрген. Олардың билеушілері Уақас би маңғыт, Мұса мырза, Жаңбыршы және басқалары Әбілқайырға Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алуға жәрдемдескен. Кейін, жүре келе ноғайлар қазақ хандарымен соғысса, енді бірде татуласып, одақ құрып отырған. XVI ғ. орта кезіндегі деректерде Хақназарханды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған. Ноғай ордасының құрамы белгілі бір кезеңге дейін, сол аймақтың түрік халықтарының бас қосып, ынтымақтасуы аяқталғанға дейін Ақ орда мен Әбілқайыр хандығының құрамына жақын болатын. Оның құрамында түрік және түріктенген моңғол тайпалары мен тайпалық бірліктер бартұғын. Маңғыттарды есептемегенде, Ноғай ордасына қыпшақтар мен қаңлылар, коңыраттар мен наймандар, үйсіндер мен кітәй, аз (ас), алшын мен тама т. б. енетін. Ноғай ордасы этникалық-саяси бірлестік ретінде пайда болады; оған кірген тайпалар XV ғ. аяғында басы құралып біткен ноғай халқынын негізін салады. XV ғ. екінші жартысында осынау халықтың «ноғай» аты пайда болады, олар көрші жұртқа осы атымен мәлім болған. XIV—XV ғғ. ноғайлыда айналасындағы көшпелі әлемнің басқа да хандықтары сияқты, ерте феодалдық қатынас болған, сонда патриархалды-рулық тірліктің көптеген белгілері сақталып қалған Жіктік сатының ең жоғарғы басқышында билер, хандар мен мырзалар, сұлтандар мен байлар тұрады; олар ордалар мен ұлыстарды, ауылдарды басқарады, қарауындағы тайпаластарының экономикалық мәселелерін шешеді. Бар байлық — ең алдымен мыңғырғам мал — үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, отар-отар қой, табын-табын ірі қара мал — далалық ноғай ақсүйектерінің қолдарында болатын. Сөз жүзінде жер-су рулық қауымдастықтың меншігі болып есептелсе де, шын мәнінде қоныс-өрістері, аңшылықтың шұрайлы жерлері солардың билігінде болады. Ноғай ордасында өкіметті және басқару ісін саяси ұйымдастырудың тұрақты ұлыстық жүйесі қалыптасады. Хан, сұлтан ордада өкімет билігін — әскери, елшілік, әкімшілік билігін мұра ретінде алып отырған. Ордада бірнеше ұлыстар болған, олардың әрқайысысы көптеген рулық-тайпалық топтарды біріктірген. Ұлыс басында мырзалар тұрған, олар өз иеліктеріне көбінесе шексіз де тежеусіз бұйрық жүргізіп, ұлыстың ең шұрайлы, жайлы жайылымдары мен өрістерін уысында ұстаған. Ұлыстың қатардағы көшпелі малшылары мырзаларымен бірге көшіп-қонып, алым-салық төлеп отыруға, соғыс жорықтары кезінде қару-жарағын асынып келуге міндетті болған. Шапқыншылықтар, көршілермен соғыс дала ақсүйегіне қыруар пайда түсірген. Орда жорыққа 300 мыңға дейін сарбаз шығара алады екен. ХVI ғ. Ноғай ордасы Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық және саяси байланыс орнатады. Ноғай ордасының тарихы Еділ бойы мен Сібірдегі, Орта Азия мен Қазақстандағы көрші мемлекеттері тарихымен аса тығыз байланысты. Ноғайлар тарихы әсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына айрықша жақын. Ембі мен Сырдария арасында көшіп жүретін ноғайлар қазақтармен ұдайы араласып-құраласып байланысып жатқан. Қазан және Астрахан хандықтарын Ресейге қосып алғаннан кейін, ноғайдың билеуші руының өзара қырқысып кетуінің салдарынан, Ноғай ордасы бірнеше дербес ордаға бөлініп ыдырайды. Оның Қазақстан жеріндегі бір бөлегі қазақтардың Кіші жүзінің құрамына кіреді. Қазақстан шебінен тыс жердегі Ноғай ордасы XVI—XVІІI ғғ. ыдырау кезеңінде Қырым хандығымен және Россиямен белгілі бір қатынаста болады. Солтүстік — Шығыстағы ноғай руларының бір бөлегі Сібір билеушілерінің қоластына алынады. Ноғай ордасының ол жақтағы иеліктерінің шеті Ертіске дейін жетіп, Сібір хандығы жерімен шектесіп жататын. Сібір хандығы XV ғ. 60 жж. XVI ғ. аяғына дейін Батыс Сібір территориясымен, Обь, Тобыл, Есіл бойындағы жерге қоса, Солтүстік-Шығыс Қазақстан мен Ертістің оң жағалауындағы жердін бір бөлегін қамтиды. Оған дейін XIV ғ. бүл арада түрік тайпаларының Тайбұғы деген саяси бірлестігі болған, олардың ішінен басты ролді керейттер атқарады. XIVғ. мен XV ғ. бас кезінде олардың түскей бетінде Ақ орданың жері болады; ал Моғолстан хандарының иеліктері Ертіс пен Алтайға дейін жетеді. Сібір хандығының негізгі халқы «Сібір татарлары» деген жинақы атпен аталатын түріктілді тайпалар және угор тайпалары болатын. Деректерде Сібір хандығы билеушілерінің (Шайбанилер әулетінен) Тобыл мен Есілдің, Ертістің орта ағысындағы Ямышев көліне дейін жайылып жатқан жері туралы деректер айтылады. Ал, Ертістің оңтүстік-шығыс бетіндегі жерді XVI ғ. бастап ойраттар (жоңғарлар пен қалмақтар) игереді. XVI ғ. бас кезінде ыдырап кеткен Моғолстан мемлекетінің теріскейдегі жерінде, Тарбағатайдан әрі шығысқа қарай көсіліп жатқан, Ертістің жоғарғы ағысы маңындағы, Іленің жоғарғы жағындағы жерлерде ойрат тайпаларының саяси бірігуінің қал-харекеті жасалып жатады. XV—XVI ғғ. Сібір хандары мен ойрат тайшылары Қазақстанның терістік территориясында қазақ хандарымен ұдайы бәсекелес болады, қазақ халқы тек ұзақ күрес арқасында ғана ұдайы өз жерін қорғап қалып отырады. Қолданылған әдебиеттер: Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. Алматы 1994ж.